Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  136


Автор: Ғалым Әріп

ӘУЛИЕЛЕР ӘЛДИІ

(Ә.Кекілбаевқа)
Әуен тартып өзалдан ұлыс әні,
Әулиелер әлемі ұғысады...
Әуелден-ақ әуезді әз-ғаламға
Әулиелік әріден жұғысады.
Жұмбақ-әлем, мың сырға бөккен дала,
Баяғыдан баян-жыр шерткен дала.
Дуадақтар қонатын боз төбеден
Ұшырады ұланды неткен дана.
Көз сүрінер кеңістік шалғайынан
Бал тамызып баланың таңдайынан.
Бағзы-Баба көрініп бейнесінде,
Емірене иіскейді маңдайынан.
Желпігендей бейне бір таң самалы,
Жалпақ-әлем бусанып ән салады.
Толғайтындай аңыз-жыр-әпсананы,
Абыз-дала желбіреп ақ сақалы.
Абыз-дала, жөңкілген сағымдана,
Дүрілдейді, дүмпиді дабыл қаға.
Асау мінген хас батыр секілденер,
Дес бермеген дүлей мен дауылға да.
Даусы келіп нешебір көсемдердің,
Даусы келіп нешебір шешендердің,
Дәуірлерден жетеді жаңғырығып,
Құлағына түйсікті жас өреннің.
Әлімсақтан сыр шертіп құлын-әні,
Бала-сана көп жайды ұғынады.
Құлағында – байғыздың зарғағы да,
Құлағында – қасқырдың ұлығаны...
Құлағында - дала үні шымырлаған,
Құлағында - баба үні сыбырлаған...
Құлағында - азалы желдің үні,
Шегірткенің сазды үні шырылдаған.
Құлағында - ботаның боздағаны,
Суын айғыр сыр-ғажап қозғағаны...
Боз жусанды иіскеген боз балаңыз
Қалай сүймес мұнартқан боз даланы?
Құлан жортпас құладүз бойды алады,
Көне қауым...
Құлпытас...
Ой салады...
Ұлан-ғайыр көсілген кеңістікте
Бебеулетіп абыз-қарт күй шалады.
Сәби-жүрек әлдене сезеді ме,
Жүзетіндей сезімнің өзеніне.
Қайран дала әлдилеп тербетеді,
Туған жері ұялап өзегіне.
Дала, шіркін, десеңші, жұмбақ қандай,
Періштелер «пірім!» деп тіл қатқандай.
Бір жағынан сахаба, киелер кеп,
Фәлсапасын өмірдің жырлатқандай.
Бір жағынан машайық көрінеді,
Көкейінен төгіліп көңіл өрі...
Бір жағынан жезтырнақ, жалмауыз бен
Елестейді жын-шайтан, перілері...
Құмбыл дүние-ай,
Қобызын безілдеткен,
Құйын соқса, қаңбағы безіп кеткен...
Қаратаудай қасқайып тұратұғын
Қас түлегін қатепті, төзімді еткен.
Дала әуені өзінше сарнатады,
Таусылмайтын «гөй-гөйін» аңдатады...
«Аман болсын тіл-көзден асыл ұл» деп,
Шарананы шағылға аунатады.
Ата-баба, аруақтар демейтіндей,
Әулие-әмбиелер жебейтіндей.
Құм үстінде жаралған қара бала,
Бұл баланы бәрі де елейтіндей.
Тылсым сырға бала да ұйып кетті,
Құлағына көненің күйі жетті...
Адамзатқа айтар ой, айтар сөзді –
Құлағына Құдай кеп құйып кетті!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу