Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  105


Автор: Рза Оңғарбай

Ассалаумағалейкүм – Алланың нұры жаусын

-Сәлеметсіз бе, қалайсыз? –
дедім бірде қарсы келген
ақсақалға абайсыз.
Қартым маған қарап тұрды шекелеп,
Содан кейін орнай қалды
Бір тыныштық қолайсыз.
Мұндай сәтте сабыр сақтап
Шыдағаның мақұл-ды.
Шыдам байғұс ширатылып
Қамшылады ақылды.
Торға түскен торғайдай боп тұрғанда,
Ашулы қарт ақырды.
«Ей, жетесіз, қырт неме,
Солай адам сұрайды ма саулықты?!
«Сәлемет» деп мен саған
Қатынмын ба жаулықты?
«Қалайсыз?» деп аурумын ба мен дертті?»
Шатнаған шақшадай шал
Осылайша даурықты.
Тура сөзден жалтармақ жоқ,
Шыдап бақтыс тағат қып.
Бұғып трмын, ұғып тұрмын
Кеткенін бір ағаттық.
«Имандылық маған айқын,
Шәлдуарсың шалағай тым,
Үлкен көрсе жолын кеспей
Дегейсің «Ассалаумағалейкүм!»
Жүргін сөздің иесі боп,
Сәлем сөздің киесі көп.
Алла нұры әр пендеге
Айтылады тиесі боп».
Нұрдан қашсаң көргенің көр болмай ма?
Нұр жауғанда босағаң төр болмай ма?
Иманыңнан айрылма ей, азамат,
Имансыздар қашанда қор болмай ма?!
«Естіртпегін ескіні, пәлеңді»- деп
Саясатқа салдық-ау сәлемді де.
Азат елде «Ассалаумағалейкүміңді»
Айту үшін кедергі ал енді не?!
Ағаларым – жанымды бағалайтын,
Дұшпандарым – сыртымнан табалайтын,
Қызғаншақтар – сандарын сабалайтын,
Жағымпаздар – нәндерді жағалайтын,
Бишаралар – бір іске жарамайтын,
Өсекшілер - ел-елді аралайтын,
Тәкаппарлар - бұрылып қарамайтын,
Абыздарым – сөзімді саралайтын,
Ақсақалдар – тау мүсін, Толағай тың,
Дегім келер, бәріңе құшақ жайып:
Ассалаумағалейкүм!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу