Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  73


Автор: Рза Оңғарбай

Көкмойнақтың қазығы

Көк теңіз неге өкірді жағы тынбай,
Жауынан ер бұға ма сағы сынбай?!
Күркірі көк теңіздің – Сүйекемнің
Әруақ шақырған бір дабысындай.
Желпіген жел өтінде шашағын жәй,
Нар қамыс жау қолының жасағындай.
Қапыда қиқулаған қалың жауға –
Болмады боз тұманнан таса қылмай.
Қылышпен туралғанда күдері үзік,
Белдеуден бедеу кетті шідер үзіп.
Қайран ер қала берді бармақ тістеп,
Бұл жолғы сәттіліктен күдер үзіп...
Қатыгез жау шапқанда тосын елді,
Қайран жұрт қапылыста босына өлді.
Қалған жұрт қашып-пысып паналаған,
Нар қамыс бір көмегің осы болды!..
Жау қозғар атақоныс – өз төріңнен,
Күшіген көшкен жұрттан көн-тері ілген.
Бір бала аман қапты сол қырғында –
Қазанның астында қап төңкерілген!..
Амал бар ажал менен оққа қандай?! –
Күйген-ді талай біздің шоққа маңдай.
Қос аққу сыңсып ұшты тас төбемнен –
Айсалқам, Жансалқамды жоқтағандай.
Егілсеі шежіреңді ішің біліп,
Қолқаңды өксік кептеп ісіндіріп.
Толқындар жарыса айтып жатыр маған –
Талайлы тарихымды түсіндіріп.
Айналған көрген адам танымасқа,
Бұл күнде бұл қоныстың мәні басқа.
Шашылған бабалардың несібесі,
Нәпақа болған сын-ды кәрі-жасқа.
Жібиді аққа тиіп ақыр таңдай,
Күн туды дәулетіңді сапырғандай.
Шапшыған мұнарадан шалдуар от,
Шығынған көкмойнақты шақырғандай.
Қызыл от - Салқамдардың орамалы,
Осылай шығар дедім жорамалы.
Елдосжан қазық қақшы қара жұртқа –
Көкмойнақ қазығына оралады..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу