Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  146


Автор: Рза Оңғарбай

Ертегі

Аппақ әже тер төгіп,
Айтып отыр ертегі.
Ертегісін тыңдасам


Бірталай сыр шертеді.
Ертегінің желісі:
Бір ғажайып ел іші.
Сол бір елдің мол бопты,
Қазба байлық кеніші.
Ертегінің желісі:
Бір ғажайып ел іші.
Ауызға кеп түседі,
Пісіп тұрған жемісі.
Ертегінің желісі:
Бір ғажайып ел іші.
Қамбасына симаулы,
Орып алған егісі.
Ертегінің желісі:
Бір ғажайып ел іші.
Жарлы жоқ та, арлы көп,
Ынтымақта тегісі.
Ертегнің желісі:
Бір ғажайып ел іші.
Жұмыстан бос адам жоқ,
Босамайды қол ұшы.
Демейді ешкім «қиналдым»-
Мақсат қылмас жиғанды.
Адал жүріп, ақ сөйлер,
Адамдары иманды.
Қанағат бар халқында,
Дейді: «Еңбектен тартынба»
«Ішкендері алдында,
Ішпегені артында»
Ешкімі жоқ тоналған,
Ұры-қары жоғалған.
Аттамайды адамы,
Сауап пенен обалдан.
Білмейді ешкім былықты,
Келіндері қылықты.
Адамшылық ақ іске,
Азаматы құлықты.
Ұмытпаған ырымды,
Бойжеткені бұрымды.
Жігіттері жөн білген,
Салт-дәстүрін бұрынғы.
Сәлем айтқан алыстан,
Жақын келсең танысқан.
Кемпірлері кеңпейіл,
Қариясы данышпан.
Әкімдері жайдарлы,
Жеткіншегі айдарлы.
Батырлары баһадүр,
Ақындары айбарлы.
Балдырғаны кекілді,
Сағат санап жетілді.
«Қой үстіне бозторғай,
Ұя салған» секілді.
Аппақ әже тер төгіп,
Айтып отыр ертегі.
Ертегісін тыңдасам,
Бірталай сыр шертеді.
Ей, ғайын, өкпелі
Сөге көрме тек мені.
Осы ертекке өзім де,
Сенгім келіп кеткені...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу