Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  79


Автор: Рза Оңғарбай

Қар түспеген қыс

Алма бетті шымшыламай түнгі ызғар,
Сұрғылт аспан, сығырайған жұлдыздар.
Қар сыбасып, қарсыласып ойнамай,
Бұйығады көңілсіздеу ұл-қыздар.
Сұрқай кеште бағаналар зорайып,
Тыр жалаңаш тал-теректер сорайып,
Табиғаттың өзі әуеннен жаңылса,
Адамзатқа, табиғатқа сол айып.
Қысқы кеште асыққан жұрт тыпырлап,
Жұлдыз да жоқ тұратұғын жыпырлап,
Тырп-тырп бассаң қара жерді,
қар да жоқ,
Аяқ бассаң жататұғын сықырлап.
Селдірейді әлсіз жарық түрленген,
Қала тыныш қоңырқайлау түрге енген.
Қары да жоқ қараң қыстың,
Көңілді,
Көтермейді кермек ауа сүрленген.
Қар түспесе көктемеде жерге сын,
Қоңырқай кеш, қоңырқай күй шертесің...
Жер қап-қара жүрегіндеә қаскөйдің,
Жамыла алмай аппақ қардан көрпесін.
Адам қалай, заман қалай, халайық?
Қыста ма екен,қарда ма екен бар айып?!
Қар түспеген қара жердей адамның
Көңілдері бара жатыр қарайып.
Ей, азамат, болса егер де санаңда ар,
Өзіңді-өзің қолға алатын шамаң бар.
Көк пен жердің құзыреті Аллада,
Біз көңілді кірлетпейік, адамдар!
Емді тауда ақсиып Ақжол жатыр...
Шатырлы атам шатқалға қонған батыр,
Тауға таңба батыр қол салған-ды ақыр.
Емді тауды ересен тіліп салған,
Аппақ болып ақсиған Ақжол жатыр.
Ақжол жатыр таңбасын анықтаған,
Емді тау ол – баяғы алып бабам.
Ақша бұлттар сияқты ақ шатырлар,
Аппақ таудың үстінде қалықтаған.
Безбес мәңгі көңілім белең алып,
Сағынышты сарғайған келем алып.
Жол көргем жоқ, Ақжолым сенен биік,
Тау көрмеп ем, Емді тау, сенен алып.
Туған жердің сағынып түз, белеңін,
Емді тау мен Ақжолға жүз келемін.
Өздеріңдей бір тау мен бір жол менің,
Өлкесінен өлеңнің іздегенім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу