Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  560


Автор: Рза Оңғарбай

Алпысқа наз

Өмір ме, өмір – жалпы сын,
Көріп келеміз талқысын.
Табалдырығыңа кеп тұрмын,
Ассалаумағалейкүм, Алпысым!
Қол берем саған құрметпен,
Жүйрік ең шіркін жыл неткен.
Қош боп тұр қайран жастығым,
Қош боп тұр енді гүл-көктем.
Шықтық бір тағы қыратқа,
Жеткізесің бе мұратқа?
Әдемі дейді алпысты,
Асыққан жоқ ем бірақта.
Жайым жоқ енді шолжыңдар,
Алдымда кім бар қол бұлғар.
Артымда қалып барады
«Махаббат, қызық мол жылдар».
Қайдасың, қайда, албырт шақ?-
Суйи ма көңіл салғырттап.
Мөлдей едің ғой қара шаш,
Кім сені кеткен шалғырттап?
Өрекпіп қалар тек кеуде,
Албасты жатыр өкпемде.
Қайратым қайда, қабылан?-
Темір үзетін тепкенде.
Көнесің өмір тезіне,
Құлақ сап жардың сөзіне
Тарыдай ұлым таудай боп,
Ақыл айтады өзіме.
Өзім ғой деуші ем панасы,
(Аңғармаймыз-ау шамасы.)
Торғайдай қызым толысқан,
Төрт жиенімнің анасы.
Тағдыр мен жазмыш сан-сала,
Бақтары биік жанса да,
Асқар тау – алпыс өзіңе
Жете алмай кеткен қаншама?!
Кәсіп етпедім жиғанды,
Сол үшін басым сыйланды.
Алпыстың адал аулынан,
Іздейін енді иманды.
Алпыс жыл аттай жүгірдік,
Қайтемін жасап күпірлік.
Алғысымды айтып алпысқа
Аллаға дедім «шүкірлік».
Салмағай тағдыр бүлігін,
Сыйласқан жанның құлымын.
Құдайым өмір берсе әлі,
Шайқармын жырдың тұнығын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу