Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  78


Автор: Рза Оңғарбай

Жалғыз

Маған өмір сыйлаған анам жалғыз,
Мендік дәулет жинаған панам жалғыз.
Он туысым әрқайсы бір-бір ғұмыр,
Солар үшін от болып жанам жалғыз.
Аспандағы ай менен күнім жалғыз,
Дінім жалғыз, ділім мен тілім жалғыз.
Ағы менен көзімнің қарасында,
Аялаған қызым мен ұлым жалғыз.
Түп атамыз –Ер түрік, тегім жалғыз,
Болашаққа бастайтын сенім жалғыз.
Менің үшін барар жер басар тау жоқ,
Қазақстан – қазағым, елім жалғыз.
Ой кешемін ормандай жүдеп жалғыз,
Ой түбінде жатады тілек жалғыз.
Жалғыздарда мұратқа жеткізем деп,
Жай таппайды жыр құмар жүрек жалғыз.
Ел қорғасам –Ер Бекет –ұран жалғыз,
Иманымның кәмілі –Құран жалғыз.
Он туыстан қайыр жоқ, зауал күні,
Әзірейіл алдында тұрам жалғыз.
Құрық салар құбылған қиялға кім,
Жалғыз өзім жаһанға сыя алмадым.
Ит тірліктен баз кешіп кеткім келген.
Жалғыздарды Құдай-ай қия алмадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу