Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  89


Автор: Рза Оңғарбай

Жанымның жайлауында бұлттар көшіп...

Жалғаншы тосады ылғи құр мазағын,
Қай іске, қай тірлікке ырза жаның?
Өмірдің қуаныштан мұңы басым,
Мұңайсам мен егіліп жыр жазамын.
Сол сәтті өзім шыны ұнатамын,
Қарсы алам құмай түннің құба таңын.
Жанымды жабырқаған қырық жамау,
Жылытып, жырымменен жұбатамын.
Осылай менің тағдыр бақ-талайым,
Демеймін әлеуметке ақталайын.
Жыр күтсе менен елім, Хақ тағала,
Шабыт бер шамырғанған шақта лайым.
Ой қажап мидың терең қатпарынан,
Жыр туса кезім ол бір бақ дарыған.
Жанымның жайлауында бұлттар көшіп,
Сонан соң ақ жаңбыр боп ақтарылам.
Бұл күнде басым бурыл, самайым қар,
Жырымның жұлдыздарын жағайын бар.
Сәулесі жүрегіңді сәл жылытса -
Онда мен бақыттымын ағайындар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу