Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  125


Автор: Рза Оңғарбай

СОҒЫСТАН СОҢҒЫ КҮН

Күлкімен көңіл тоғысты,
Би болып жатыр алаңда.
Кеп-кеше біткен соғысты,
Ұмытып кеткен адамдар.
Қызыққа солдат кенелді,
Жүрекке жылы жетіп үн.
Желпініп билей жөнелді,
Тепкілеп керзі етігін.
«-Ән демей, Вася, күй демей,
Гармонды тартшы дұрыстап.
Төрт жылдан бері билемей,
Тұла бой қапты құрыстап.
Әкемнің емес мұрасы,
Жыртылсаң етік сазайың.
Бүгіліп қаппын, расы,
Белімді бүгін жазайын.
«Тамаша ең неткен өмірім!»
Тартылды шалқып күй солай.
Көтеріп жұрттың көңілін,
Құйындай ұшты Николай.
Көшеде жастық жалын бар,
Ұмытқан жұртың құдайды.
Ал үйде неміс ханымдар,
Жарларын жоқтап жылайды.
Күлкі мен қайғы тосын жай,
Қостарын бөлек құрмай ма?
Өмірдің өзі осындай,
Қайшылықтардан тұрмай ма?
Қызық па көңіл тоятын?-
Ол үшін шаттық, нұр керек.
Адамды адам жоятын,
Соғыстың жөні бір бөлек.
Қаралы болса бір сұлу,
Бір сұлу тапты жұбаныш.
Соғыстың соңы күрсіну...
Соғыстың соңы қуаныш...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу