Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  85


Автор: Рза Оңғарбай

ЖУСАНБАЙ – ДЖОН ДЖЕНТЛЬМЕН

Кешегі қырғын ұмыт қап,
(Қойсаңшы мына өмірді)
Бір-бірін достар құттықтап,
Той жасап жатыр көңілді.
Жеңісті сәтте күй керім,
Бойлаған кім бар мәніне.
Берлиннің әсем үйлері
Өртеніп жатыр әлі де.
Қып-қызыл қандай сазарып,
Жап-жаңа ғана күн шыққан.
Түтіннің исі тазарып,
Кеткен жоқ әлі тұмсықтан.
Жеңісің қолға түскенмен,
Санаға сыры жеткен жоқ.
Солдаттың анау тістенген,
Жарақат қаны кепкен жоқ.
Көшеде өлік,
түршігіп.
Жиналып кеше болған-ды.
Ал бүгін мынау тіршілік,
Басқа бір істі қолға алды.
Бұл да бір жұртың қызығып,
Іс еді көптен аңсаған.
Үміті шіркін үзіліп,
Жете алмай кетті қанша адам.
Шаттық пен қайғы, қауібің,
Қатарлас келсе тосын жай.
Қайтесің бірақ бауырым,
Өмірдің заңы осындай.
Одақтастардың басшысы,
Соларда билік дерегі.
Қуырып жердің апшысын,
Құтыртып бұйрық береді.
Достарың келсе құрметте,
Көрсетіп қал қайратты.
Шыңғыртып әне бір шетте,
Шошқаны солдат жайратты.
Кім тұрсын бұғып сақтана,
Жеңгендер кімнен қаймықты.
Шашып-ақ жатыр шаттана,
Иесіз қалған байлықты.
- «Бауырым қанша шамаң бар?»
Қулықпен солдат күледі.
Ашқұрсақ жүрген адамдар,
Қадірін астың біледі.
Ауырлау іске жас шыдар,
Атқармақ солар күллі істі.
Қарсы алып жатыр басшылар,
Қонаққа келген «Виллисті».
Көлікте жатқан үйелей,
Әскери адам жоталы.
АҚШ-тық екен түйедей,
Киімі кілең оқалы.
Солай ма қайдам жарлығы,
Қасыңда біраз нөкері.
Түсіріп жатыр барлығы,
Бұраң бел қызды көтеріп.
Жаңылған емес тегі олар,
Салқамдық сері жолынан.
Сүйеді мосқал генерал,
Арудың аппақ қолынан.
Мүмкін бұл ерсі көрінер,
Ұмытқан жұртың қауіпті.
Оқалы кілең серілер,
Қыздырып жатыр сауықты.
Қалған жоқ ешкім тым-тырыс,
Көңілді ән биге ұласты.
Жалғасып жақсы отырыс,
Кеңінен жайды құлашты.
Әйтеуір әсем күлкі көп,
Жадырап жұрттың қабағы.
Құйылып жатыр бүлкілдеп,
Айрықша орыс арағы.
Күтінген жан жоқ, сақ болып,
Қызығы басым жырдың да,
Шампандар желді ақ көбік,
Құйылып жатыр құрдымға.
АҚШ-тық мырза сөз алып:
-« Оқыдым кітап ғажап мен,
Келсеңдер егер тез алып,
Сөйлессем деп ем қазақпен.
Ойламаң деп бір бұл мазақ,
Айтуға аздап ұят-ты.
Қаласа егер әр қазақ,
Бір қойды жейтін сияқты.
Қазақты көрсем көзбе-көз,
Сәттілік болар күн бүгін.
Сөйлесіп өзім сөзбе-сөз,
Білейін деп ем шындығын.»
Генерал мырза желіккен,
Жадырап күлді қабағы.
Адамдар мынау еріккен,
Әрнәрсе ойлап табады.
- «Жігіттер маған сеніңдер,
Таппасақ бізді мазақтар.
Кәнеки іздеп келіңдер,
Бар шығар бізде қазақтар.
Күтелік деді сабыр қып,
Табармыз сірә қойды анық.
Орыстар жағы абыржып,
Қалғандай болды ойланып.
Ақталып тез-ақ үміттер,
Сәттілік өзі қол алды.
Іздеуге кеткен жігіттер,
Мұрсатта қайтып оралды.
Келбетін қыздар сүйердей,
Қарашы мына ғажапты.
Төбеге бойы тиердей,
Кеп тұрған мына қазақтың.
Алыптай асқақ өр кеуде,
Омыраулары даладай.
Орысша құрап сөйлеуге,
Ептеген әлі шалағай.
«-Далабай ұлы Жусанбай
Шақыртуменен келіп тұр»
Қысылмай, терлеп бусанбай
Батыл- ақ баян беріп тұр.
Жусанбай жарау қалпында,
Қадайды төрге жанарын.
Бастықтар бұған там-тұмдап,
Айтқандай болды хабарын.
- Ұнаған болар ер кейпің,
Сынап бір көрмек сені олар.
Дұрыстап жауап бергейсің,
-«Құп болады жолдас генерал».
- «Ғажапты бізге көрсет Сіз,
Жас мырза жайсаң ер мүсін.
Бір қойды сойып берсек біз,
Тауысып өзің жермісің?»
Көркіне сөз жоқ мін тағар,
Келісті көркем реңді.
Сұрағын беріп ынтызар,
Генерал мырза шіренді.
Соғыста жүріп жат елде,
Болмаған әлі ысылып,
Жусанбай біздің қапелде,
Сөз таппай қалды қысылып.
- Бала боп жүрдім ауылда,
Қой сойып ешкім берген жоқ.
Сонан соң түстім дауылға,
Тірімін, шүкір, өлгем жоқ.
- Атаң мен әкең жеген бе?»
Дегені мырза ойланып.
- Ірі еді олар менен де,
Жеуші еді бір-бір қойды анық.
- Қызыққа құмар, тегі олар,
Жеп көрші, солдат, кеңес қой.
-Көрейін, жолдас генерал,
Соғыстан қиын емес қой.
Бір ой бар іште жымысқы,
Жусанбай солай толғанды.
Қиын ды қызық бір істі
Тәуекел етіп қолға алды.
Жеңістің буы желігіп,
Бір тойсам деген ой келді.
Мүлтіксіз бұйрық беріліп,
Мұрсатта бір бас қой келді.
Аумаған көзі мойылдан,
Аспаз қыз аппақ сазандай.
Мұнтаздай таза сойылған,
Қой еті түсті қазанға.
Отырса-дағы сызылып,
Жусанбай бүгін дөкей бек.
Ағылшын ханым қызығып,
Қояды «о кэй, о кэй» - деп.
Көз керек залды көруге,
Сияқты жанның саясы.
- Ас дайын деді беруге,
Жүгіріп келіп даяшы.
Жылансырт көйлек сусаңдай,
Жөнелді сұлу жарқылдап.
Таусы алмай қалса Жусанбай,
Күлмекші бәрі қарқылдап.
Осал кім, перен әлді кім?
Еріккен ісі жалпының.
Осы бір істе дәл бүгін,
Намысы тұрды халқының.
Берілер сәті бағаның,
Думанның қызық әдеті.
Ашқұрсақ жүрген ағаның,
Ашылды дейсің тәбеті.
Алмақшы болды жөнге кеп,
Ұялып енді не етеді.
Тарелка шіркін дөңгелеп,
Келеді кейін кетеді.
Өзгені мүлде көзге ілмей,
Даяшы табақ тосады.
Сағатқа жетпес мезгілде
Отыз бес ыдыс босады.
Генерал біткен сүйініп,
Етті әкел тағы бер дейді.
Даяшы байғұс иіліп,
«Таусылып қалды «сэр» дейді.
Қап-қара негр оқалы,
Күлгенде қандай тісі аппақ.
Бұраң бел сылқым тоқалы,
Сүйді кеп мұны құшақтап.
Таң қалып кезек түрткіштеп,
Қағады бәрі таңдайын.
Жусекең әуре сүрткіштеп,
Жап-жазық болған маңдайын.
Қой жедің.
Солай жарлығы,
Мүмкін бе енді жақпауың?
Асырып жатыр барлығы,
Әйтеуір мұның мақтауын.
Жусекең жоқ-ты дым білген,
Болғандай бірақ бұл іс оң.
«Ю, а: э рели джентльмен,
Хау клева оф ю Джон».٭
Генерал қызғын желқабыз,
Жаудырды келіп мадағын.
- Солдатсың дейді сен нағыз!
Жарайсың Джон – қазағым!
Жексең де парлап қос атты,
Тағдырың салар қилы күн.
Сонан соң мұны босатты,
Ұстатып біраз сыйлығын.
Ұмытып бүгін ұятты,
Бір тою еді жұмысы.
Әлі де бостау сияқты,
Қарынның кейбір құрышы.
Арсыз ғой тәбет құтырып,
Жұтына жалмап барады.
Маңдайдан терін сыпырып,
Жан-жаққа бір сәт қарады.
Кетті ме таңдай тесіліп,
Сілекей тәбет сөліндей.
Даяшы құрғыр кешігіп,
Қалды екен неге көрінбей.
Шыдаған еді жастықтан,
Ешкімге болмай жалбақшы.
Төрт жылғы көрген аштықтан,
Бүгін бір өшін алмақшы.
Қызық боп өң мен түсіндей,
Зал іші кетті жаңғырып.
Жусекең біздің түсінбей,
Отырып қалды мәңгіріп.
Генерал біткен япырай,
Жандардай құмар тарқаған.
Бахадүр бұл бір батырдай,
Қағады бәрі арқадан.
Бас иіп кілең бастыққа,
Есікке қарай беттеді.
Көңілден бірақ аптыққан,
Бір сұрақ мүлде кетпеді.
Оралып тілге сөздері,
Кеудеден өктем тіл қатты ой.
Уәде берген өздері,
Уәде деген қымбат қой.
- Қой қайда маған беретін?
Кім тайса сөзден сол қатын.
- Жедің ғой жаңа сен етін,
Не дейсің ақымақ солдатым!
- Жегем жоқ мүлде етті мен,
Алдамақ па екен мені олар.
Туғанмын мен де тектіден,
Болмасам-дағы генерал.
Көңілді қайдан өсірсін,
Шөп-шалам менен быламық.
Құдайдың өзі кешірсін,
Қой жеген жоқпын бұл анық.
Сөз берген анау тамырың,
Жасамақ па екен жорта сын.
Көргем жоқ еттің қамырын,
Ішкем жоқ және сорпасын.
Айтпаймын дауды текке мен,
Ойламаң жоқ деп білігі.
Қой болса қайда кетті екен,
Он екі мүше жілігі?
Солдатқа көңіл бұрмаса,
Келсін де оған кебенек.
Сөзінде берген тұрмаса,
Генерал болып не керек?!
Шыдамай бір сәт сабыр қып,
Жусекең айтты тік қандай!
Генералдарың абыржып,
Солдаттан болды ыққандай.
Тілмашты бәрі шақырды,
Көрініс болды-ау ғажап тым.
- Аударшы сөзін ақырғы,
Ашулы мына қазақтың.
Жауапсыз әлі сұрағы,
Шықпақшы енді шу қандай?
Алара қарап тұр әлі,
Ашулы біздің Жусанбай.
Ұрғандай біреу маңдайға,
Шамасы болмай дем алар.
Қаныққан кезде мән-жайға,
Сылқ ете түсті генерал.
- Болсам мен егер күшті адам,
Тағар ем саған жақұтты.
Осындай солдат ұстаған,
Сталин неткен бақытты.
Іс болды бұл бір дұрыс тым,
Жөн болар енді сенгенім.
Түсіндім деді орыстың,
Немісті қалай жеңгенін.
Осындай ұлды ұшырған,
Қазағың неткен текті еді!
Кей кезде бізге қысылған,
Осындай солдат жетпеді.
АҚШ-тық үлкен генерал,
Осылай терең толғанды.
Даламның ұлын енді олар,
Мойындап-ақ болған-ды.
Тілмаш бір жасап кішілік,
Шындығын айтты жалғансыз.
Жусекең сонда түсініп,
Қарқылдай күлді армансыз.
Әуреге жұртты түсірген,
(Жусекең қалған тамсанбай)
Неміс қыз етті пісірген,
Қазақша қамыр-нан салмай.
Жусекең ішіп көрмеген,
Бұл елдің мүлде тамағын.
Маңдайын сүртіп терлеген,
«Оқа емес – депті, қарағым».
- Шыдадық төрт жыл дауылға,
Бақыт қой бейбіт атса таң.
Келсеңдер біздің ауылға,
Айыбым үлкен ат шапан.
Мырзалар өңшең беденді,
Тап болған қалай бағыма.
Кетейін депті мен енді,
Бүлдірмей тұрып тағы да.
Өзінше жорып ойларын,
Жұртыңды босқа тілдепті.
Бір қойды таусып қойғанын,
Жусекең өзі білмепті.
Бәсі де бөлек бағаның,
Көргем жоқ соған жетікті.
Қайраты біздің ағаның,
Атадан да асып кетіпті.
«Шнапс» толы қойыны,
Қарайды барлап табысын.
Болғанмен жұрттың ойыны,
Қорғады ол әке намысын.
Күшіңді көрген тік тұрар,
Мәртебе алып мекенің.
Мойындап кетті мықтылар,
Қазақтың қандай екенін.
Мұндайды қашан көрді кім?
Кітаптан оқу тек елес.
Бүгінгі сенің ерлігің,
Соғыстан тіпті кем емес.
Бейбіт күн жұртым тойған ба?
Жалғасып жатыр тіршілік.
Қойыңды былай қойғанда,
Тауса алмай жүрміз бір жілік.
Күн туды бүгін ғажап тым,
Ел болсақ дейміз бірігіп.
Ұлына біздің қазақтың,
Ірілік керек ірілік!
Тәуекел етсең ғаламат,
Туған ел берер бір екпін.
Қандай іс болсын азамат,
Жалыны керек жүректің.
Қиын ғой тірлік соншама,
Қомақты болсын табысың.
Ас ішіп тұрып болса да,
Қорғай біл елдің намысын.
Тұрды-ау ол сол күн теңесіп,
(Жусекең емес сорлы адам)
Генералдарменен егесіп,
Ата ісін қорғап қалды аман.
Таңдантқан елдің талайын,
Туған ол қара кемпірден.
Есіңде жүрсін ағайын,
Жусанбай –Джон –джентльмен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу