10.08.2022
  270


Автор: Арман Тосқанбаев

Ақшаны қайда инвестиция жасау керек?

Көптеген адамдардың жинаған қаражаты сол күйі сандық түбінде қалып қояды.
Былай қарасаңыз, онша көп ақша да емес: тағы да көбейтсем, тез өсетіндей сәтті салым жасасам дейсіз. Шынымды айтсам, менің мұндай жағдайға қатысты өз көзқарасым бар.
Жиған қаражатыңыз қалған ғұмырыңызға жететін миллиондаған доллар емес, небәрі 1000$, 2000$, 5000$, 10 000$, 100 000$ ғана болса, оны жыл сайын бірнеше ондық пайызға өсетін "сиқырлы" орынға саламын деп ойламаңыз. Өйткені, фондтық нарық, бизнес және т.б. сияқты классикалық инвестиция түрлері 15%, нарық күрт дамыған жағдайда, ары кетсе 25% ғана береді. Орташа есеппен жылына 7-10%. Егер осындай пайыздық мөлшерлемеге көңіліңіз толса, салған қаражатыңыз күнделікті өміріңізге жетсе, - жақсы. Ал егер ақшаңыз еселеп өскенін қаласаңыз, ешқашан "сиқырлы" жолын іздемеңіз. Өзіңіз әрекет етпесеңіз, ешқандай өсім болмайды. Қазір адамдардың көбі оңай олжаны ойлап, пайыздық көрсеткіші "өте жоғары" әртүрлі қаржы пирамидаларының, криптовалюта мен NFT-технологиялардың құрбанына айналуда. Достар, ондай нәрсеге сенбеңіздер, 30% және одан жоғары мөлшерлеме болмайды. Табиғатта сияқты экономика саласында да ешнәрсе өздігінен өспейді, ол үшін нақты себеп болуы керек. Бірақ, қазір оны әшкерелегім келмейді. Мен қомақты нәтижеге қол жеткізу үшін қаржы салымын қайда бағыттау керектігі жөнінде айтпақпын.


ақша инвестор арман тосқанбаев
Оның басты құпиясы - қаржыңызды келген бағытына қайта салыңыз. Мысалы, егер сіз жалдамалы қызметкер болсаңыз және тұрақты жалақыңыз болса, онда сол жалақыңызды өсіру үшін өз қабілетіңіз бен біліктілігіңізді арттырыңыз немесе жеке кәсіп ашыңыз.
Сіздің өзіңізге жұмсаған әрбір тиыныңыз жүз есе өседі. Өзіңіздің тұлғалық дамуыңызға жұмсаған 1000$-ыңыз 2000$, 3000$, 5000$ болып қайтады. Қолыңыздан келетін іске бағытталған қаржыны ешбір фондтық нарық та, ешбір брокер де, инвестиция тартумен айналысатын ешқандай керемет компания да бере алмайды.
Егер кәсіпкер болсаңыз, - табыс тауып отырған бағытыңызды күшейтіңіз. "Қолымнан не келеді?", "Көп табысқа кенелу үшін тағы не істей аламын?" деп ойлаңыз. Егер MLM саласында жұмыс істесеңіз, команда көшбасшысы болсаңыз, командаңызға, өз адамдарыңызға, лидерлеріңізге инвестиция жасаңыз. Командаңызды дамытыңыз. Өз командаңызға жұмсаған әр тиыныңыз еселеніп қайтады, өйткені, "Не ексең, - соны орасың" деген сөз бар. Сіздің олардың дамуына жұмсаған қаражатыңыз қайтпай қалмайды, ол мүмкін емес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу