Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  99


Автор: Рза Оңғарбай

ӨМІР ЖОЛЫ

Өмір көштің жолында жүріп келемін,
Махаббаттың еліне қырық келемін.
Сырлы саздың ғажайып кәусар үніне,
Құлағымды қуана түріп келемін.
Ғашықтық та ғажайып қылық, - дер едім,
Жүрдім талай балбырап біліп дерегін.
Өмір мәңгі жастық боп өтер, - деп ойлап,
Жан-жүрегім жадырап күліп келемін.
Жолдар жылжып, жоғары, шыңға асқанда,
Ай ақситты азуын түнгі аспанда.
Көңілімді көмескі күдік жайлады,
Құздарменен мелшиген мұңдасқанда.
Уақыттан қалайша тайқып беремін,
Тау басынан ылдидап, қайтып келемін.
Асқақтаған көңілім аласарғандай,
Көңілсіздеу бір әнді айтып келемін.
Пешенеме жазғанды қарсы ап келемін,
«Елім аман болғай» - деп жар сап келемін.
Ит тірліктің азабын арқалаумен,
Денем дел-сал, болдырып, шаршап келемін.
Кідіртпейді ұлы көш, құлап келемін,
Өмір де бір сарқылар бұлақ дер едім.
Көктен төмен сорғалап жұлдыз ақты бір,
Күздің қара бұлтындай жылап келемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу