Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  85


Автор: Рза Оңғарбай

ОЙ ТОЛҒАҚ

Жау күтіп жақыннан да, алыстан да,
Қорқады қоянжүрек қамыстан да.
Бетерден бетер шыққан бұл заманда,
Өзіңнен зорлар шықса намыстанба.
Жасыңнан биіктерді армандағын,
Тағдырдың қиса жақсы тарлан бағын.
Сұлтаны бола алмасаң туған елдің,
Ұлтаны болғаныңа арланбағын.
Көңілің көтерілсе ұшқан жақсы,
Аймалап сұлуларды құшқан жақсы.
Досыңнан үндемей кеп іштен шалған,
Айғайлап ашық тиген дұшпан жақсы.
Жастығың өтіп кеткен сағымдай-ды,
Ер жүрек елуде бір дамылдайды.
Әлемнің ең сұлуы сүйген жарың,
Артық жан іздесеңде табылмайды.
Үміттің жетегіне көп ерерсің...
Адал боп, алғыс алсаң кенелерсің.
Еліңнен алған жақсы, бірақтағы,
Сол елің сұрай қалса не берерсің.
Күніге он ойланып, толғанамын,
Еріксіз қаламымды қолға аламын.
Жете алмай шыңыраудай ой түбіне,
Осы еді «Ой толғақ» - деп салған әнім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу