Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  97


Автор: Рза Оңғарбай

ЖОЛАУШЫ СИЯҚТЫМЫН ҚЫР БАСЫНДА

Өмірдің көбі кетіп, азы қалды,
Бәйкүнә балалықтың сазы бал-ды.
Жастықтың өзі кетіп – назы қалды,
Өмірдің көбі кетіп, азы қалды,
Кез емес кететұғын күштеп, көнбей,
Уақыт өз дегенін істеткендей.
Қапысыз, қамсыз өткен қайран жастық,
Бұл күнде бармағыңды тістеткендей.
Мәселе жоқтай-ақ бір тұрағымда,
Қосылып жүре бергем жыр-ағымға.
Өмірдің көлеңкесін көре алмаппыз,
Мәңгілік жүретіндей шуағында.
Иіліп кеттік талай шарта сынбай,
Алып күш атан өгіз тартатындай.
Елуің бір қарасам келіп қапты,
Арқама елу батпан артатындай.
Демедік жаным тыныш ұйқым қанық,
Кекеш шал ұранымен қиқуладық.
Бағасын адалдықтың басқаша ұғып,
Ардақтым азап шексе ұмтылмадық.
Дей алман қора салып, қойға бардық,
Күнара топырлаған тойға бардық.
Көз шелді, көңіл желді, көкірек бос,
Жоқтай-ақ еш шаруаң ойланарлық.
Бересің көп сұрақты, санам, қозғай,
Жақсы екен білгенің де шамаңды озбай.
Бүгінде алақтаймын жан-жағыма,
Атынан құлап қалған шабандоздай.
Керек ед Мейірман мен елге Тоқсын,
Қадірін біле бермес пенде достың.
Жырлаудан, жырлатудан жалықпайтын,
Адал дос, Аманғали сен де жоқсың.
Бар еді бір кеңесің «Төз, жігерлең,
деп едің – үміт үзбе сен күдерден».
...Жолаушы сияқтымын қыр басында,
Абайлап, алды-артына көз жіберген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу