Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  91


Автор: Рза Оңғарбай

ТЕРЕЗЕМНІҢ АЛДЫНДАҒЫ ТЕРЕГІМ

Айтшы, терек, сен қашан тыңаясың?
Тұнжырайсың, мүлгисің, мұңаясың.
Өз қайыры өзіне жетпеген жұрт,
Мұңлығым-ау, мүсіркеп кім аясын?
Терегім-ау, теңселіп, тербелесің,
Жүдеу қалпың елге де, ерге де сын.
Саған жаным ашиды, айналайын,
Бірге мекен еткесін жер кемесін.
Түсінбейтін жағдайды кеңкелес пе ем,
Жоқ еді ғой жайымыз өкпелескен.
Ала қыстай тоқымдай қар түспеді,
Тірі өлмесең болар ед көктеместен.
Дос көңілі насыбай бір атымдық,
Саяңда жұрт самалдап тұратын-ды.
Қара суға бұл халық жарымаса,
Көк аспаннан күте бер рахымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу