Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  82


Автор: Рза Оңғарбай

КҮЛКІ

Бұл өмір толы үмітке, толы аңызға,
Жол жоқтай ақыр мекен – молаңызға.
Күндерін күйкіліктің біле тұра,
Күлеміз әлдеқандай боламыз да.
Еместей сенде жұрттан аласа адам,
Үйің бар, күйің де бар, бала-шағаң...
Басыңды ауыртпасаң басқа жайға,
Тірлігің тұратындай тамашадан.
Дейміз де несіне құр түңілеміз,
Жырқылдап жүз күлеміз күніге біз.
Бақытты табамыз деп, шындығында,
Ажалдың ауылын іздеп жүгіреміз.
Бетпақ күн у толтырған зереңіне,
Заманның тап болдық па кереңіне?
Әнеки сыпа сайқал сылқ-сылқ күліп,
Күнәнің батырмақшы тереңіне.
Қулар жүр көзге түспей, бұғып, тойып,
Өмірдің өткелегін ұғып қойып.
Жауым да ыржияды маған қарап,
Қанжарын қойынына тығып қойып.
Аумайды сұлу сайқал заман қыздан,
Құлайтын құрдымына табансыз жан.
Жылағым кеп тұрса да мен де кейде,
Күлемін көппен бірге амалсыздан.
Бақұл ма, көктем, жаз, күз, қысың дейтін,
Байқасаң бәрі жалған – ісің, кейпің.
...Сәбидің күлкісіне сүйсінемін,
Жалғанның жалғандығын түсінбейтін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу