Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  85


Автор: Рза Оңғарбай

АЙТЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ӘН

Кеудеңде қаншама саз тербетілді,
Қалықтап туған жер мен желге сіңді.
Соңғы рет кездескенде қоңыр күзде
Шаршаңқы көріп едім келбетіңді.
«Бетке алды мекендерін қаз дегенің,
Менің де уақытым аз деп едің.
Кеудеме бір ғажайып ән келіп жүр,
Бауырым сөзін мықтап жаз» - деп едің.
Борыштай мойнымдағы күндер менің,
Тағдыр-ай, таланттарға ділгер ме едің?!
Сол әннің сағынышты сиқыр сазын,
Жазып та, жадылап та үлгермедім.
Сарғайтып санамды кіл ылаң үрей,
Үдере ұйлығады күмән үдей.
Сол әннің тағдырына ажал емес,
Марғаулау менің өзім кінәлідей.
Суыды жер қойнына шөккен денең,
Бұл өмір енді саған өткен белең.
Сол сазды жерден таппай, желден таппай,
Іздедім құс қайтқанда көктен де мен.
Ойланам сол бір ғапыл қаза жайлы,
Жыр ғана жүрегімді тазалайды.
Бір әуен жеті қаттан талып жетіп,
Түндерде көңілімді мазалайды.
Тоқтады жомарт жүрек, қан тулаған,
Ит тірлік қалмап едің қай тұлғадан?!
Өзіңмен бірге жерлеп кетті жұртың,
Сол әнді көмейіңде айтылмаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу