Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  79


Автор: Рза Оңғарбай

Қара жерді басып жүрмін жәй, тегін....

Қара жерді басып жүрмін жәй, тегін,
Көк аспанның босқа жұтып ауасын.
Қайран көңіл, қапаландың қайтемін,
Таппай тірлік дауасын.
Аңқаулықпен арамзаға тұшындым,
Сенгендерім құлқын құмар қу болды.
Кереметін кейін барып түсіндім,
Бал дегенім у болды.
Көңіл көрмем ашық жатыр, жиналмай,
Аңқау басты аласартып, ием кеп.
Кеңірдекті қиып кетер қиналмай,
Сұмпайылар сүйем деп.
Әділдікті іздеуге адам хақылы,
Ерлігіңді елің бар ғой еске алар,
Алданумен ақыл кірер ақыры
Бірақ-бірақ кеш болар.
Суымайды бұл адамның көңілі,
Өмір қанша болғанымен күрделі,
Көңілімнің көк денені, желігі,
Жетелеумен жүр мені.
Болғанымен арман адал, ойың нақ,
Қалжырайды, қан жылайды сом жүрек.
Өміріңнің нүктесі де қойылмақ,
Сүрінгенде соңғы рет.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу