Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  78


Автор: Рза Оңғарбай

ЭЛЬДОРАДО

Эльдорадо – жұмақ, жер, сені іздеймін,
Күдерімді әйтеуір, мен үзбеймін.
Мұсылманның арманы жұмақ болса,
Сен боларсың арманға негіз деймін.
Айтады уәж бұл күнде халық түрлі,
Ит тірлігім әбден-ақ жалықтырды.
Арманымды сұм тағдыр әдірам қып,
Мұратымды мансұқтап лақтырды.
Эльдорадо! Жоқ басқа алаңым да,
Жарқырайсың жалын боп жанарымда.
Сапар шексем сені іздеп сағынышпен,
Айдалада көмусіз қаламын ба?!
Әлі ұмытпай жүрмін бе жастығымды,
Сап-сап көңіл, жасама қастығыңды.
Қанағаттың қазанын қарамдасам,
Кешіріңдер, миятсыз мастығымды.
Қызықтырма қытықтап қиялдағы үн,
Жетер енді осымен ұялғаным.
Арты болса, абатсыз, абыройсыз,
Қалса қалсын әдірам бұл арманым.
Жерім жазық тау мен тас, құз демеймін,
Өмір көктем, қыс пен жаз, күз демеймін.
Ең болмаса артымда молам қалсын,
Эльдорадо! Құрып кет, іздемеймін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу