Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  84


Автор: Рза Оңғарбай

ЖАҢА ЖЫЛ СЕНІ ҚАРСЫ АЛДЫМ

Оттылау жырды желдіріп,
Келсе де жұртқа жар салғым.
Жалғыздан-жалғыз телміріп,
Жаңа жыл, сені қарсы алдым.
Сабырды секем тауысты,
Дейсің бе, достым, «о несі?!»
Жұмысым түнге ауысты,
Амал жоқ сосын көнесің.
Қайтемін босқа опынып,
Түн болды ғажап тамаша.
Өзіммен өзім отырып,
Ойларға баттым оңаша.
Тереңге шіркін, бойлар ма ем,
Қанатын қомдап қиялдың.
Ортеке сынды ойлармен,
Ортаға қалай сиярмын?!
Тауысқам талай төзімді,
Түк білмес тексіз қыртпенен.?
Сиқырлы сұлу сезімді,
Бөлісем қалай жұртпенен?
Үн қосып қыстың бораны,
Армансыз жыр боп есейін.
Пенделіктерден жоғары,
Құдайы тірлік кешейін.
Ғажайып сезім бойды алып,
Қиялды қымтап, пісірдім.
Оңаша, жалғыз ойланып,
Қадірін көптің түсіндім.
Жалғызға болар жыр тірек,
Жұбанып солай дедім мен.
Жаңа жыл, саған бір тілек,
Айыра көрме елімнен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу