Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  86


Автор: Рза Оңғарбай

ЗӘРЕМ ҰШАДЫ

Мұқым дүние тіршілік,
Кейде кершалып, қырсығып,
Келіспей, сөйлесіп, беттесіп,
Өшігіп алғандай кектесіп,
Егесіп, қатып, қарысып,
Бірімен бірі жарысып,
Миыңды ашытып,
Қылардай қымыран...
Жеті қат көкке,
Ұшырып жатыр зымыран.
Қара жерді солқытып,
Қалың елді қорқытып.
Замананың апшысын қуырып,
Жердің тозаңын суырып,
Мәңгі мұздарды идіріп.
Ауа қабатын күйдіріп,
Миыңды ашытып,
Қылардай қымыран...
Жеті қат көкке,
Ұшырып жатыр зымыран.
Ауада кілкіген у тұнба,
Қанаты кірлеген қудың да.
Қырандар ұшпайды саңқылдап,
Қаздарым келмей жүр қаңқылдап.
Құдірет күші құртылып,
Озон қабаты жыртылып.
Оқ тескен, от тескен, шұрқ тесік,
Айтарға үрейлі ұят-ты,
Бейне қотыр түйенің,
Жабуы сияқты.
Осы бір сұрқия тесіктерден,
Күзетсіз қалған есіктерден.
Сырларын ешкім ұқпаған,
Ібіліс, шайтанға ұқсаған,
Біз білмес құбыжық, пәлекет.
Жеріме жетіп кеп өрт салып,
Жаныма дауасыз дерт салып,
Жасап жүрмей ме әрекет?!
Деген бір ойлардан құсалы,
Зәрем ұшады, зәрем ұшады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу