Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  71


Автор: Рза Оңғарбай

ҚОС ҚАРЫН

Жақсы әдетті жер менен жырып көктен,
Еге алмадым ерінбей жүріп көптен.
Жаман әдет қыздардың қойынына,
Қалай ғана оп-оңай кіріп кеткен?
Өресізбен әсем ой өре алмайсың,
Кеңкелеске кеңес те бере алмайсын.
Жігіттердің шалбарын тартып киген,
Сұлулардың балтырын көре алмайсың.
Қылша мойнын қылғынтып құрығына,
Кімдер қолын салмай жүр ғұрыбыма.
Шашын кесіп тастаған шайтан қыздың,
Таға алмайсың шашбауды бұрымына.
Қонғанменен ақ қырау самайыма,
Тап қылады бұл өмір талайына.
Арақ исі аңқыған арулардың,
Бара алмайсың жақындап маңайына.
Қайран сұлу кіршіксіз көрініп ең,
Жастығымның соңы деп желігіп ем.
Темекімен ысталып, сұп-сұр болған,
Сүймей кеттім сұлудың ерінінен.
Жетеді ме бәріне шамаң әкем,
Деп ойлайсың бәрін де адам етем.
...Көже қарның ашықса ештеңе емес,
Көңіл қарның ұлыса жаман екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу