Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  76


Автор: Рза Оңғарбай

СЫНШЫЛДАР

Ақпатшаның шыққандай-ақ жарлығы,
Сыншыл болып кетті жұрттың барлығы.
Қара басын қамдай алмас қасқалар,
«Халық үшін» - деп айғайлады қарлығып.
Не жазсаң да көтеретін қағаз бар,
Сол қағазға өзінше ойын мағаздар.
Саясаттың текеметін тіліп жүр,
Әліп-Биді қоса алмайтын сабаздар.
Ақ ниетпен алға басса ырысың,
Сыншылдардың тарылтасың тынысын.
Шырақ алып түссе сенің соңыңа,
Қайран басты қорғау болар жұмысың.
Той жасасаң «қайдан, дейді, қорегі»,
Кітап жазсаң «жалған – дейді дерегі».
Елің үшін жасай қалсаң бір істі,
«Жоқ еді ғой, дейді соның керегі».
Биіктесең «мынау елден биік» дер,
Аласарсаң «мынау көзге күйік» дер.
«Сын түзелмей мін түзелмес» десе де,
Тап осындай сыншылдарды сүйіп көр.
Көрсе-дағы сыншылдардың сыңайын,
Адал адам бола алмайды мүләйім.
Халық атын жамылатын сұмпайы,
«Сыншылдардан» сақтағай да Құдайым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу