Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  75


Автор: Рза Оңғарбай

БАЗАРДА

Заманды бүйі бүлік,
Жұртымыз ұққан екен.
Сұлу қыз суырылып,
Саудаға шыққан екен.
Тауарын көп мақтады,
Сараптап, саудыратып.
Сонан соң тоқтап қалды,
Жанарын жаудыратып.
Алдымда қиын сұрақ,
Шын ба бұл, мүмкін елес?
Алуың қиын, бірақ,
Алмауың мүмкін емес.
Дедім мен «құлпырып тұр,
Тауарың асыл қандай?»
Ит жүрек бұлқынып бір,
Тыншыды басылғандай.
Тұрдым аз керіліп мен,
Келді бір жағып көргім.
Салқамдық серілікпен,
Қалтамды қағып бердім.
Ұмытып мен бейбағың,
Араның алыстығын.
Басталды-ау деп ойладым,
Тәтті бір таныстығым.
Қылығы жан өксітіп,
Көңілім көгермеді.
Қарындас қабақ шытып,
«Ал, ағай, жөнел» деді.
«Қарындас, сөкпегін тек,
Жолықтым жақсы адамға.
Байлығым көп,-дедім бек,
Құндырақ ақшадан да».
Деді де «мың жасаңыз»,
Жәудіреп қарай қалды.
-Жырым бар тыңдасаңыз,
Тамсантқан талайларды.
Сақтай көр, о, Жасаған!
«Келеді күлкім», - деді.
Адамдай май асаған,
Жүрегім кілкілдеді.
Несібе бұйырмаса,
Көрген күн сор екен ғой.
Нан табу қиындаса,
Өнерің қор екен ғой.
Бұл күнде мұраңыздың,
Құны жоқ қара бақыр.
Замана мына біздің,
Қай жаққа бара жатыр?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу