Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  77


Автор: Рза Оңғарбай

СЫНАҚ

Жеті жасар балалар гимназияға қабылдану
үшін сынақ тапсырып жатты.
Көп екен ғой әлі де көрмегенім,
Кең дәлізде қысылып, терлегенім.
Бар сұраққа мүдірмей жауап беріп,
Жақсы болды-ау, жарығым, ерлегенің.
Өміріңді келсе де сауық еткім,
Тап сол жерде қаралай қауіп еттім.
Құдай қолдап, алғашқы сынағыңнан,
Шаң жұқтырмай шашаңа шауып өттің.
Тақым қыстық шыр-пыр боп шабысыңа,
Іс екен бұл сын болар намысыңа.
Жаман әкең жалбаңдап, бір қуанды,
Ең алғашқы толайым табысыңа.
Алыс жатар жігіттің басты арманы,
Жарамайды жасық боп жасқанғаны.
Бүгін, міне, тап болдың бір сынаққа,
Мың сынақтың бұл енді басталғаны.
Қолыңды алдым, құлыным, күлімдедің,
Өн бойымды биледі діріл менің.
Бүгінгідей келе бер бәйгелерден,
Қиналсаң да қысылып, сүрінбегін.
Қиял шіркін қияға самғағайсың,
Арман, арман, уәде ет, алдамай шын...
Тұлпар шабыс, қарағым, тағдырыңнан,
Қатарыңнан ешқашан қалмағайсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу