Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  132


Автор: Рза Оңғарбай

«ҚАУІПТІ» АҒАЙ

Ойлайтын ұлы өмірдің парасатын,
Жағдайға, жөн жобаға қарасатын.
Бір ағай болушы еді сөйлескенде,
Тымсайлы әңгімеміз жарасатын.
Біреулер көрген істі қаңбақтай тым,
Пайымдап ол басқаша салмақтайтын.
Өзінен үлкендерге, ұлықтарға,
Жоқ еді және әдеті жалбақтайтын.
Көмегі көп болатын кішілерге,
Талайдың домалатты ісін өрге.
Ол бейне кітап сын-ды ашық тұрған,
Оқысаң шамаң бардай түсінерге.
Думанға көп бармайтын, ерінетін,
Оңаша қиялдарға берілетін.
Ол өзін аласа қып ұстағанмен,
Болмысы биіктерден көрінетін.
Бір таныс келді дағы шауып маған,
Сұрқы әлі сергелдеңнен сауықпаған.
«Сен өзің білесің бе, дегені ғой,
Абайла, сол ағаңыз қауіпті адам».
Жаныңды жадыратып жаз болмағы,
Қиын-ау, көңіл көлге қаз қонбағы.
Сол жерде мені өкінтті дәл осындай,
«Қауіпті» ағалардың аз болғаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу