Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  84


Автор: Рза Оңғарбай

СУЫҚ ТОРҒАЙ

Суық торғай, жалғанда орын қалмай,
Тереземе телмірді жанын қорғай.
Жаз қызығын тауса алмай жүргеніңде,
Қыс та келіп қалды ма жолың болмай?
Жаз шықты ма – сайранға кірісесің,
Жәндікпісің сен өзің дұрыс есің?
Менің өзім бір медет таппай жүрсем,
Менен мәулет күтіп сен бүрісесің.
Жұрттан рахым күту де бір далбаса,
Күнің қараң шуақ пен нұр болмаса.
Не берейін мен саған, суық торғай,
Жүректегі жып-жылы жыр болмаса.
Саған ұқсас тағдыры оның-дағы,
Байламаса болғаны жолын бағы.
...Суық торғай сияқты көзің сатпа,
Түйір дәнге біреудің қолындағы.
Жүрегімнің ұшқан, жыр –торғайларым!
(Қиналдың-ау заманнан оңбай бағың)
Терезеге телміртпей бұл тірлікте,
Жыр торғайдың намысын қорғайды арым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу