Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  85


Автор: Рза Оңғарбай

МИНИСТРЛЕР СЫНАҒЫ

Жүз министр, он бес газет ортада,
(Деректі сөз, баламаңдар жортаға)
- Қой-қой, достым, мүмкін емес министр
ана тілді ақпараттан қорқа ма?
- Қорықпайды, олар неден қорықсын,
Аңғалдықтан ашық ауыз болыпсың.
Менсінбейді, түсінбейді немесе,
Ал, көңілің біржолата торықсын!
Сонда қалай? Қалай болған, япырай,
Жүрегімді шошыттың-ау, батыр-ай!
Бұл сөзіңнен быт-шыт болып құлады
Көңілімнің қорғандары қақырай.
Күтуші едім мен олардан тың істер,
Ойлаушы едім жандар ғой деп мініскер.
Ана тілді ақпаратты оқымай,
Елдің жайын қалай білмек министр?
Туған елін балаған жан боданға,
Қандай пайда салар екен қоғамға?
Ана тілден сын тапсырды Елбасы,
Министрлер ұлық па екен одан да?
Көңіліме тыншу бермес бір сұрақ,
Тілін сүйген текті азамат тұрсын ақ.
Дөкейлерден туған тілге сырт орай,
Ана тілден алар ма еді бір сынақ!
Аздап үрей туғызатын жалпыға,
Сынақ деген сөзі құрғыр салқын, ә?
Дегенменен болса осындай бір сынақ,
Зор пайдасын тигізер ед халқыма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу