Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  56


Автор: Рза Оңғарбай

БАЛАЛАР БАҚШАЛАРЫ

Қаржы жоқ , - деп көп болды қақсағалы,
Табылмады бұл істің басқа амалы.
Бүлдіршіннің сияқты ең екінші үйі,
Жабылдың ба, балалар бақшалары?
Теңесем де халқымды қара нарға,
Қарамай тұр әйтеуір заман арға.
Отауынан айрылып ойнап-күлер
Қиын болды кішкентай балаларға.
Бала бақша күмбірлеп, күй ақтарып,
Өтуші еді түрлі ойын, би, апталық.
Келуші еді балалар кештің құрым,
Тойған қозы бейне бір сияқтанып.
Күнкөріс қып жатқанда елім зордан,
Қаржы тауып айлалы небір қордан.
Әупілдектер келеді шақыртумен,
Қияндағы Мәскеу мен Петербордан.
Соны көріп үзілер жан шідері,
Қаржы деген халқымның тамшы тері.
Шеттен іздеп не керек, өз еліңнің,
Күнелте алмай жүргенде әншілері?!
Ақылымды, япырай, айран қылып,
Өтіп кеткен жат қолға қайран мүлік.
Сатып алған серілер бақшаларды,
Жын ойнаққа жіберген айналдырып.
Билік айтып демеймін таласамын,
Таласуға дәрменсіз аласамын.
Қаңғып қалды көшеде күшік құсап
Бала деген ертеңгі болашағың.
Әрең тауып жүрсем де шайлығымды,
Сұрағам жоқ ешкімнен жайлы күнді.
Басқаларды білмеймін, біздің қазақ
Жимаушы ма ед бала үшін байлығыңды.
Бала болды бастысы мұңымыздың,
Қасірет қой деп түсін мұны біздің.
Балаларды бақытты ете алмасақ,
Қара тиын болғаны құнымыздың.
Жөніміз жоқ баланы басынарға,
Аздау ақыл айналды-ау шашыларға.
Болашағым ертеңгі бой түзейтін,
Бала бақша, есігің ашылар ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу