Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  88


Автор: Рза Оңғарбай

КҮДІК ПЕН ҮМІТ

Қара кемпір «жағдайым қиын» дейді,
Қара бала таң атпай «тиын» дейді.
Қылығына күлімкөз қарындастың,
Көңіл көншіп, көздерім сүйінбейді.
Кімнен ақыл сұрармын, табысармын?
Кім соғады сойылын намыс, ардың?
Көншітпеді көңілді қасиеті,
Садақа іздеп сандалған сары шалдың.
Жетпейді деп бәйбіше зарланады,
Азаматы үндеуге арланады.
Өш алардай ұршықтан қолындағы,
Жеңешем де жұлқынып қарғанады.
Қара жолдың қым-қиғаш шиыры көп,
Қара қазан шылдыр су, түйірі жоқ.
Қара жалдың басында азынаған,
Қара айғырдың алдында үйірі жоқ.
Қара нарда қу шандыр, жал қалмаған,
Қара жұрт та қаңырап мал қалмаған.
Ата-баба қонысын артқа тастап,
Шұбырынған қалаға аңғал ма адам?
Азайған соң алдында айдағаны,
Әркімнің де қуғаны пайда қамы.
Бәрінен де дүние-ай жаман екен,
Көңілінді күдіктің жайлағаны.
Тарих өзі жөн тауып дұрысына,
Бастар елді ертеңгі ырысына.
Көк байрақпен жоғары көтеріл деп,
Үмітімді байладым бұрышына.
Қияладым қиынның көк тайғағын,
Наркескенін намыстың көп қайрадым.
Мен құласам құлайын, сенің үшін,
Сен құлама, киелі көк байрағым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу