Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  169


Автор: Рза Оңғарбай

АДАЛДЫҚТЫҢ ТІГЕМ ДЕП АҚБОЗ ҮЙІН

Адалдықтың білмедім қайда барын,
Асырады аярлар айлаларын.
Қалқанымның көбесін қақыратып,
Қадасады қан шашақ найзаларын.
Сартап болған санада сіре сенім,
Біресе өмір, елестеп, біресе өлім,
Адалдықтың тігем деп ақбоз үйін,
Арамдықпен аяусыз күресемін.
Данышпанның дәйегі дауға айналып,
Ақиқатым арамнан аумай қалып...
«Шың дегенің шын ба?» деп шіренеді,
Төбешіктер бұл күнде тауға айналып.
Дұбараға көрсетіп дүйім қолдау,
Сыбайласқа салдырды сыйын молдау.
«Қарынымның ашқаны ештеңе емес,
«Қадірімнің қашқаны...» қиын болды-ау.
«Қырсыққанда итің де қырын кетер»
Жыламаған жақсылар бұрын бекер.
Мен қалармын, бір төмпек, қыр басында,
Замананың жалыңда жырым кетер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу