Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  76


Автор: Рза Оңғарбай

ШАҢЫРАҚ ИЕСІ

Үш күн болды бұл азапты толғаққа,
Шырқырайды жап-жас келін оң жақта.
Келін үшін, сәби үшін туажақ,
Ақ шұнақ шал айтып жатыр «Бозқасқа».
Жаманатқа бастырмай бір еңсені,
Бір үмітке тұрды білем ел сеніп.
Сәби үні шыр еткенде кенеттен,
Қуаныштан кетті ақ орда теңселіп.
Жалғыз ұлдан қапылыста айрылып,
Қалғанды қарт қанатынан қайрылып.
Ойлантқанда бір әулеттің тағдыры,
Шал құса боп қан жұтатын қайғырып.
Мықты-ақ еді, тағдырынан жеңілді,
Соңғы үміті жүкті қалған келін-ді.
Ақ түйенің қарны бүгін жарылып
Шал қайғы емес, қуаныштан егілді.
Ауызына түспей сөздің жүйесі,
Жауына да дейтіндей қарт «үй осы...»
Дәнеңеден хабары жоқ шараңа,
Шырылдайды шаңырақтың иесі.
Жүз шөмішпен төксе дағы жүз қазаң,
Өмір шіркін ортаймайтын бір қазан.
Кеше осы үйге қап-қапа боп батқан күн,
Бүгін тағы ән боп шырқап тұрды азан.
Жер баяғы, су баяғы, сол аспан,
Ықылымнан өмір – өлім арбасқан.
Ажал залым атқанменен дәл көздеп,
Өмір өлмей, аққан селдей жалғасқан.
...Кейде шаттық, кейде қайғы еселеп,
Әлі талай жанар шамдар, өшер от.
Үнін естіп жөргектегі сәбидің,
Елім еске түсіп кетті...
Не себеп?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу