Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  60


Автор: Рза Оңғарбай

ӨМІР ТУРАЛЫ

Мынау өмір күрделі бір құрылыс,
Мынау өмір – тыным таппай жүгіріс.
Құрылыста көп екен ғой бұрылыс,
Жүгірісте жоқ екен ғой кідіріс.
Мынау өмір – майдан екен найзалы,
Мынау өмір – күрес екен айлалы.
Жығылдым да, түйрелдім де, өлмедім,
Толу үшін, болу үшін пайдалы.
Мынау өмір – арман екен миятсыз,
Мынау өмір – жалған екен ұятсыз.
Ұры жолдай апармайтын ешқайда,
Шындығы жоқ, шұбырынды сияқты із.
Өмір – бұлақ, мен жолаушы шөлдеген,
Көңіл шіркін жарысушы ед желменен.
Өмір сұлу қыз екен ғой шынында,
«Күт» деп алып, өзі бірақ келмеген.
Алдан жарық сәуле болып үмітін,
Тәтті арманды әлдилейсің күні-түн.
Күтемін деп, түтемін деп жүргенде,
Шаршаңқырап қалады екен жігітің.
Мынау өмір болғанда үлкен құрылыс,
Шаттық кеміп, шабан тартты жүгіріс.
Азайғандай айласы көп бұрылыс,
Көбейгендей пайдасы жоқ кідіріс.
Деген едім, тылсымыңа жетейін,
Ей дүние, қайран өмір...
Не етейін?!
Соңғы сәтте сәби қылшы бейкүнә,
Қалай келсем, солай сенен өтейін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу