Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  78


Автор: Рза Оңғарбай

АҚ МАЯЛЫ ЕДІ БІЗДІҢ ЕЛ

Сазы да бөлек,
Назы да.
Байламы қатты басқа уақ.
Бабадан қалған бағыңа,
Тау бетінен тас құлап.
Тамырынан тартылып,
Атқақтаған ақ бұлақ.
Қысқа жібің күрмелмей,
Жүрсің бе, жаным, шапқылап.
Көресің неткен көп еді,
Бейнеті қалың бейкүнә ел,
Көрмексің тағы бақ сынап.
Көлбеп бір жатқан көп төбе,
Оятар сені ақ шуақ.
Шекелек шың мен кең сайдың,
Аяғы әйкел, ақ суат,
Ақ маялы еді біздің ел,
Сапырған саумал ақ шұбат.
Далада туса бошалап,
Алты қасқыр қамаса.
Айылын ешбір жимаған,
Сандық өркеш, салпы ерін.
Сатарға қазақ қимаған,
Алакөнек ақ мая.
Желіні бұтқа симаған.
Талдырып қарын жеңгемнің.
Сауғанда жанын қинаған,
Бағатын еді бабымен.
Аузынан уыз кетпеген,
Кезеріп ерні кеппеген,
Елдегі ең бір сыйлы адам.
Кештіңқұрым болғанда,
Қамшысын іліп қарына.
Ағамыз атқа қонғанда,
Үрпек жүнді жас бота.
Самалға кешкі тоңғанда,
Күн астынан шаң ұшып.
Әріден бермен маңысып,
«Маң-маң басып, маң басып,
Шудаларын шаң басып»,
Қарағай өркеш қаздиған.
Әскердей қалың самғасып,
Келгенде табын өрістен,
Жүгіруші еді жеңгелер,
Шаруаларын қамдасып.
Күн батарда тымырсық,
Айдынданып ақ мая.
Желіге жетіп тоқтайтын,
Ботасына ыңырсып.
Қарасирақ қу бала,
Өзінше жұртты таң қылып,
Желінің басын шаң қылып,
Буыршыңдарды үркітіп,
Қуар еді сұр тайдың
Алдына салып сүркітіп.
Алакөнек ақ мая,
Ийтін еді екі рет,
Сауғанда жеңгем күрпітіп.
Сәбилік жадта сақталған,
Көңілде мәңгі қатталған,
Осы бір сұлу сүгірет,
Сияқты бүгін тәтті арман.
Бір күні біздің ауылға,
Әдемі жеңіл көлікпен,
Өздері біраз желіккен.
Біреулер келді шіренген,
Жалпылдай қалды ағам да,
Домалай түсіп күреңнен.
Сипайды мұртын мықтылар,
Қағып сап саумал шұбатын.
Ағамның айтқан уәжін,
Түрі жоқ мүлде ұғатын.
«Былшылды қой сен, ей надан,
Тыңдап ал бізді одан да,
АҚШ-ты басып озамыз,
Ет керек біздің Отанға!»
Сол, сол екен сорлатып,
Жау тиді біздің қотанға.
Кім сұрады, қайда алды,
Ағаның басы айналды.
Құн жетпес құтты қаралар,
Алакөнек ақ мая.
Саба желін сары мая,
Сандық өркеш нар мая,
Қасапқа бәрі айдалды.
Жылап жүріп ағамыз,
Желіні жүз рет айналды.
Опыңды, қайтсін ойқанды,
Қарғып мініп күреңге,
Салмақ та болды сойқанды.
Бұлқынып біраз бусанып,
Ағамыз босқа терледі.
Ауданнан келген ақ байпақ,
Мықтылар ырық бермеді.
Баладай қылып баптаған,
Көлденең көзден сақтаған.
Малымыздың тегі деп,
Бөрене жілік, бөрте сан,
Дулығалы көк үлек,
Қара бура алшоңқай,
Қаратаумен бара бар,
Қосақталып айдалды,
Қатепті туған қара нар.
Құтқармайтын сол жылдар,
Жоспар дейтін тор болды.
Асыл туған ақ малға,
Салмақтары сор болды.
Жүрмеді өзін әлектеп,
Бір бәлені сезініп.
«Атасына нәлет» деп,
Ағам да кетті безініп.
Тегінде теке атпаған,
Текені екі атпаған,
Еңбек үшін тумаған,
Қабылдап алды табынды,
Мал көрмеген қу надан.
Желінің басы жел болды,
Шырылдап, боздап шулаған.
Табынды түзеп алға айдар,
Айырдан туған қалмай нар,
Көйіншік, күрдек, жарбиған,
Жол бермей қойды жарбайлар.
Асылдар сірә жойылды,
Буыршын бура қойылды.
Көрттен де үлек шығар деп,
Мал көрмеген көргенсіз,
Арамтер болып сойылды.
Көңіл бір сырды қозғайды,
Иесінен малы озбайды.
Қосынттан туған қоспақтар,
Шырылдап келіп боздайды,
Қасиет иә құты жоқ,
Шеккіге салсаң бұты жоқ.
Шұбатты былай қойғанда,
Шәйға да тартар сүті жоқ.
Бағайын десең қызықтап,
Көз тоқтайтын тұрқы жоқ.
Сыңар емшек сыздықтап,
Сауайын десең үрпі жоқ.
Сүреңсіз сол бір жылдарда,
Сөзден де қамал тұрғыздық.
Айқайға мойын бұрғыздық,
Атадан қалған асылды,
Қасапқа салып, қырғыздық.
Заулайды күндер тоқтамай,
Кетті ме бастан бақ талай,
«Жетесіз туған жүгірмек,
Күн кешіпсің күшікше,
Үмітімді ақтамай,
Тірі жүрмін дейсің бе.
Атаңнан қалған ақтық мал,
Ардақ та тұтып сақтамай.
Көре алмадым бір жампоз,
Алдындағы келеден,
Нар деп қойған найсабың,
Аттан да жаман тебеген.
Бура орнына бәтшағар,
Буыршын салған неменең.
Қасиеті ұрып қараның,
Қабыл да болмай тілегің.
Томар бас тексіз таты көрт
Көлеге салған үлегің»
Дегендей болды ұмсынып,
Бастарын шұлғып бал-бал тас,
Әруақ дүр-дүр сілкініп,
Артында қалған елінің,
Білмекші болып халдарын.
Қайтып бір келсе шалдарым.
Рулық мая, көк үлек,
Қара бура, қызыл нар.
Жоғалттыңдар қайда - деп
Сұраса қайттім малдарын?!
Адамнан зият ақ жампоз,
Алдыңды орап кеспеген.
Қара қанжар, қыл сағақ,
Қарнай сұқсаң былғалап,
Ыңқ етіп те сеспеген.
Жамалдатқыр айғыр мал,
Жақ жаппай неге боздайды,
Жайрағырдың дауысы,
Жан жүйемді қозғайды,
Қара басыңа көрінгір,
Тұқымың неге тозбайды.
Мал келгенде өрістен,
Желіге барсаң кешқұрым.
Алдыңнан иттей абалап,
Бетіңе жынын шашады,
Мал реуіш жексұрын.
Атам бір қолын сілтеді,
Күндерім саған деп шығын.
Түңіліп кетті қара шал,
Көзіндей болған ескінің,
Қарауға тура батпадым.
Сондағы оның кескінін...
Азаттық деген айбыңды үн,
Саған да жетті жаңғырып,
Арда бір өскен аңқау ел,
Сәбидің кейпін қалдырып,
Айдатып асыл алдырып,
Мырза сораң, бұйрығын,
Бөрте жусан шалдырып,
Мал қайырсаң деп едім,
Аттың белін талдырып.
Атадан қалған жас ұлан.
Аталы сөзді тыңдай ма?
Ақ шұбатты шуаш деп,
Қырсық шалып қыңбай ма?
Сергелдең болса сенімің,
Сағың бір сонда сынбай ма?!
Тексізден көрген теперіш,
Батады қатты шымбайға.
Ата бір қоныс Маңғыстау,
Ақтылы қара асыл мал,
Төскейіңде тұнбай ма,
Көргенде көзің сүйсініп,
Мал қайырар күн қайда?!
Атаның болар ақтығы,
Табиғат шіркін бай қандай!
Ақботаменен ойнап жүр,
Аппақ бір бала ай маңдай.
Осы бір әсем көрініс,
Жанарың жасып тайғандай.
Көңілдің көркем бағына,
Үкілеп тағы тал ектім,
Аялап соны күні-түн,
Өзіммен өзім әлекпін.
Әруақ қонған ел едік,
Атадан ұлан туар деп.
Атаның жолын қуар деп,
Аймандай ұлдан дәметтім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу