Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  169


Автор: Рза Оңғарбай

КАСПИІМ

Сіңіріп заман лебін,
Тыныстар далам менің.
Туыппын толқыныңда,
Қарт каспий, анам менің!
Ентікпес ерендігің,
Мақтауға кереңдігін.
Табынтар, тамсандырар,
Тәкаппар тереңдігің.
Ойымның орманысың,
Қиялдың қорғанысың.
Табиғат, мың рахмет,
Каспийдің болғаны үшін.
Елімнің айбарысың,
Намыстың қайрағысың.
Мың келем айдыныңа,
Құшағын жайғаны үшін.
Мекені шағаланың,
Сәулесі самаланың.
Өзгеден болмай медет,
Өзіңді жағаладым.
Аққудың сыршыл әні,
Толқында тұншығады.
Шарықтап шағаладай,
Көңілім тыншымады.
Қиындық кемді күнгі
Қиналтар енді кімді?
Безбүйрек болғандарға,
Сыйлашы кеңдігінді.
Қадірлеп теңдігімді,
Сақтармын елдігімді.
Табынар тарыққанда
Пірімсің сен бүгінгі.
Теңізден мәнді ұғынам,
Жататын жаңғырып ән.
Сақтасын сені құдай,
Аралдың тағдырынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу