Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  70


Автор: Рза Оңғарбай

ТОЛҚЫНДАР

Толқындар, толықсисың, тербелесің,
Әлде сен шемен оймен шерленесің.
Тәуекел түбі болса жел қайықтың,
Толқынға қарсы айдаған ер кемесін.
Толқындар, неге мұңды ырғаласың?
Дейсің бе сәуле суда сырғанасын.
Ұмытып кетті ме екен жағалауда,
Жүгірген жалаң аяқ бір баласын.
Толқындар, неге сонша шаттанасың?
Марапат айтып босқа мақтанасың.
Алапат айдыныңнан не қайыр бар,
Тірі жан тіл үйіріп татпағасын.
Толқындар, неге сонша өрекписің?
Түсінсем мұндай сәтте ерек күйсің.
Кім ұққан бұл заманда, кімнің жәйін,
Ашуың кімге сенің керек дейсің.
Толқындар, тулап таумен теңестің бе,
Аспанда ала бұлтпен егестің бе,
Араға шыр-пыр болып, бітуажа,
Айтатын тағы да мен емеспін бе.
Толқындар, неге сонша құтырындың?
Тірліктің тапқан дейсің ұтырын кім.
Қанағат қашқан шақта қазынаң да,
Жұқ болмас жаламына жұтырыңның.
Толқындар, керуен тарт, кілкі деймін,
Заманың болып кетті түлкі деймін.
Жігерім жүнжіп кетсе, жабырқасам,
Өзімді толқындарша сілкілеймін.
Толқындар, сабыр сақтап сыңсымайды,
Жүректі іңкәр сезім шымшылайды.
Теңізбен бар-ау менде бір туыстық,
Жанымның толқындары тыншымайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу