Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  76


Автор: Рза Оңғарбай

ӨЗІМДІ КӨРІП ҚАЛДЫМ...

Сеніменен келеді қол ұстасқым,
Балалық-ай, ойынға жалықпас тым.
Сағым жылдар, самайды аққа бояп,
Мені аяусыз аулаққа алып қаштың.
Қуанышта шек болмай тасып аққан,
Жасырынсақ,
таппай жұрт басы қатқан.
Бір шетінде Таушықтың тақыр жатыр,
Балағымды түріп ап асық атқан.
Жылдар, жылдар,
еркіме қарсы ағылған,
сенде менің өмірім бар сабылған,
Ізім жатыр Айғыржал баурайында,
Көсік қазған көлбеген нар шағылдан.
Балалық-ай,
көп ойын ерікті алдың,
Ат қып мініп бұтағын өрік талдың,
Жалаңаяқ жүгірген топ баланың,
Арасынан өзімді көріп қалдым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу