Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  70


Автор: Рза Оңғарбай

ДӘНІСПАН ТАУ

Дәніспан тау – данышпан тау,
Тал бесіктен танысқан тау.
Сол бір сәби бәйкүнә шақ,
Армандай боп алыс қалды-ау.
Дәніспан тау, тарлан ба едің?
Арлыларға арман ба едің?
Баурайыңда ізім жатыр,
Бақыт іздеп барған менің.
Дәніспан тау, арқармысың,
Сабырымды сарқармысың.
Шағынайын өзіңе кеп,
Шерім сонда тарқармысың.
Дәніспан тау, бөрімісің,
Қаратаудың төрімісің.
Салқар ойдың сабасындай,
Қандай асқақ көрінісің.
Дәніспан тау, үйелменім,
Қасиетті кием менің!
Тегін емес, тегін емес
Таушығыма* сүйенгенің.
Желе берсін уақыт тарлан,
Біз күтелік бақытты алдан.
Кемеңгердің керуені,
Тасқа айналып қатып қалған.
Ұққандарға сырың басым,
Сәтекемнің* жырындасың,
Жанарымның нұрындасың.
Бақ іздеген керуенің,
Басқа жаққа бұрылмасын,
Дәніспан тау! Дәніспан тау!




Таушық – Дәніспан тау жанындағы ауыл.
Сәтекем –Сәттіғұл Жанғабылұлы, халық ақыны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу