Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  78


Автор: Рза Оңғарбай

БЕКЕТ АТА

Қорыққанды абдырап,
Үрейіңіз жетектер.
Қуанғандар жадырап,
«Жарылқаушым Бекет», дер.
Қашқандар да ынтығып,
Сенен күтер бір медет.
Қуғандар да ұмтылып,
«Қолда, дейді, - пір Бекет!».
Бейнет деген құрғырың...
Орға жығар жолдар – мың.
«Ауызға алса кім бұрын,
депсің, - соны қолдармын».
Жөн білмейтін бір қасқа,
Әзіл айтқан жосықсыз...
Жардан ұшқан құрдасқа,
Жауырынды тосыпсыз.
Қараға да, ханға да,
Имандылық басты арман.
Ұлылығың, жан баба,
Кішіліктен басталған.
Тілегімді хауызға,
Жыр қып құйсам несі мін.
Алладан соң ауызға,
Түседі, ата, есімің.
Құр қалдырма батадан,
Нұрлы еткейсің күнімді.
Жалбарынсам, атажан,
Жаңылдырма тілімді.
Рух боп намыс жыртасың...
Ата, ардақтап өтермін!
Қорғаныңның бір тасын
Өлең қылып көтердім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу