Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  245


Автор: Азамат ОРЫНБАСАРОВ

Көңіл хошын келтірер піскен егін...

Көңіл хошын келтірер піскен егін,
Шикі жеміс көргенде тістенемін.
Өйткені піспей қалған жемістердей,
Қаншама жырым жатыр іште менің.
Ес жоғалтар келгенде ұранды шақ,
Көкірегін шер басып тұман тұсап.
Шабытсыз шарықтайды шайыр қалай?
Қанаты қайырылған қыран құсап.
Мұң, қуаныш кернесе көкірегін,
Секірерін білмейді, жекірерін.
Жай мақалдай алмайды біліп тұрып,
Айдаһардай аузынан от үрерін.
Тосатындай алдан бір сый асыға,
Армандарға жүреді жиі асыла.
Күн қызарып батқанда ұясына
Ақынның тіл бітеді сиясына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу