Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  222


Автор: Азамат ОРЫНБАСАРОВ

ЖҰЛДЫЗ-ҚИЯЛ

Ұйқыменен өткізуші ед түнді адам,
Ал мен болсам ұйықтай алмай жынданам.
Содан кейін берілемін қиялға,
Жұлдыздарға қарап жатып мыңдаған.
Қара түннің жаулап алған аспанын,
Шоқ жұлдыздар қиялыма қосқан үн.
Дәл осы бір жұлдыздардай шегі жоқ,
Көп болса ғой, көп болса достарым.
Періштедей әппақ, ада күнәдан,
Бір-біріне есі кетіп құлаған.
Дәл осы бір жұлдыздардай әп-әсем
Маңдайыма кездессе ғой бір адам.
Дей алмаймын отыратын тақ болса,
Дей алмаймын алтын, күміс тап болса.
Дәл осы бір жұлдыздардай кішкентай
Тек басыма қонатұғын бақ болса.
Қиял деген толып жатыр менде кіл,
Сен де қиял бесігінде тербетіл.
Қиялдарым тамаша ғой бірақ та
Жұлдыздардай қол жетпейтін жерде тұр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу