Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  87


Автор: Азамат ОРЫНБАСАРОВ

Аялдама. Ал мен тұрмын аялдап...

Аялдама. Ал мен тұрмын аялдап,
Көлік күтіп бел будырып бір шешім.
Сағатым да жылдам жүрді баяндап,
Көзімменен айналдыра тілшесін.
Бір уақытта келді автобус сасқандай,
Кешіккенге сұрағандай кешірім.
Қолын созып маған құшақ ашқандай
Екі жақтан айқара ашты есігін.
Орындықтан құр қалардай жүгірдім,
Бұл ақыл ма былшыраққа сыйымды?
Есігінен ене беріп, бүліндім,
Аяғыма тағы тұру бұйырды.
Тартып кеттік, пайда әкелмес қырсығу,
Мен емеспін ондай мінез адамы.
Анадайдан айтарлықтай бір сұлу
Отты көзін маған әкеп кадады.
Мөлдір көзі түскен сайын көзіме,
Жүрегіме келе жатты жақындап.
Маған ғашық екендігін өзі де
Отырғандай көздерімен мақұлдап.
Кілт тоқтатты аялдама келесі,
Асығыстау түсіп кетті ана қыз.
Көз алдымда қалғанменен елесі,
Көз жетпестей алыстады арамыз.
Деп азғырар – тентектікті тежеме,
Бойымызда жастығымыз жүр қызба.
Мінерімде асық боп ем межеге,
Түсерімде ғашық болдым бір қызға.
Тағдыр текке автобусқа мінбейді,
Бұл ойымның астарынан сыр да аңғар.
Өздерін не күтетінін білмейді,
Жайбарақат көлік күтіп тұрғандар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу