Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  82


Автор: Азамат ОРЫНБАСАРОВ

АСТАНА

Шабыттан от боп жанып дене қызып,
Келемін әр нәрседен өлең үзіп.
Сарыарқа, маңдайымды тасыңа ұрдым,
Мені де Астанадай көр емізіп.
Қалам тұр әр сәт сайын биіктердей,
Тынбастай басы бұлтқа тиіп көрмей.
Күн емес сағат санап өсіп жатыр,
Бейне бір ертектегі кейіпкердей.
Жар салып жер жүзіне баратындай,
Тамсанар келбетіне дала тынбай.
Шетінен жарқырайды ғимараттар,
Үстінен алтын нөсер таматындай.
Еркедей есірсе де қош қылығы,
Желінің естілмейді бос бір үні.
Астана – кербез сұлу бойжеткендей,
Төгілген Есіл, Нұра – қос бұрымы.
Астана – ханша кейпін міне киді,
Ажары шұбыртады сілекейді.
Мен тұңғыш көріп тұрмын қиялдағы,
Күн астын мекендеген Күнекейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу