Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  76


Автор: Азамат ОРЫНБАСАРОВ

АЖАЛ ЕМЕС, ҒАЗАЛДЫҢ ҚҰРБАНДЫҒЫ

(Иса Байзақовқа)
От беріп шабыт деген мыстан құрбы,
Ойсыратып осалдау тұстан кірді.
Қай ақын көрге бірге әкетіп ед
Қаламы мың құбылып құсқан жырды?
Алла әрқилы жаратып әр ақынды,
Бәрінен бірдей жауап алтын-ды.
Иса да өлеңімен сауап жиып,
Жауабын пысықтауға жаратылды.
Өрісі кең Исадай зиялы ұлың,
Тереңнен зердесіне құяды нұр.
Шаң басқан әдебиет парағынан
Ізін көрдім тас жарған тұяғының.
Көкірекке мөп-мөлдір тұнғанда өлең,
Хас ақынға жарасар жырлау дер ем.
Айтатын әңгімесі бітіп қалған
Қаламың үстеліңде тұрғанменен.
Жеткізерің ақыл ма, өкпе ме еді,
Айта алмай кеттің екен көпке нені?
Қаламыңның жөні бар сөйлемейтін,
Арманың өз ішіңде кеткен еді.
Туа біткен ақындық – дерт ішіңде,
Жырларың қанат қақты Ертісіңде.
Сені алған ажал емес, ғазал дер ем,
Күйіп өлдің өлеңдей өрт ішінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу