Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  306


Автор: Мұхамбетберді СҮЙІТОВ

ӨКІНІШ

Қам қылғам жоқ елге пайда тигізген,
Іс қылғам жоқ ырыс пен бақ үйгізген,
Шимай-шимай соқпақ кешіп келемін,
Жан дүниемді жалған өмір күйгізген,
...Өкініш.
Жыр жазғам жоқ Жұматайдай қаған боп,
Ер Алаштың жүрегіне жағам ба от?!
Қу тіршілік қол байлау боп жүреді,
Қорқам ылғи түк бітірмей барам деп,
...Өкініш.
Құдайға да бас имедім жығыла,
Маған құшақ жаймады еш Құбыла.
Алп-алп басып жүргенімде алаңсыз,
Уайым жер күн туар-ау мұныма,
...Өкініш.
Өз Отаным өлең-төсек үйімдей,
Болғанменен қинар жанды мұңым кей,
Өмір шіркін бебеу қағып өтуде,
Тұрысбеков Секен сері күйіндей,
...Өкініш.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу