Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  308


Автор: Мұхамбетберді СҮЙІТОВ

БАЛАЛЫҚ ШАҚ

Тәп-тәтті балалық шағымның,
Өтерін білмеппін о, бәлі!
Бал дәурен сол шақты сағындым,
Тағдырдың қып-қысқа қонағы.
Жанарға сыйдырып ғаламды,
Түндерде жұлдызға шомылдым,
Сан арман қажады санамды,
Қанаты қатайды көңілдің.
Асыр сап доп қудым достармен,
Асықты толтырдым етекке,
Шатырда сырластым құстармен,
Сүйкімді күшікті ап жетекке.
Қожаның Жанары секілді,
Ұяң қыз қарайтын именіп,
Сол сәтте бір үрлеп кекілді,
Кетуші ем ғаламат күйге еніп.
Ат қылып шапқылап шыбықты,
Қиялдың тұлпарын ерттедім.
Алыстан көп күттім үмітті,
Бір сәтте есеймек дертті едім.
Үлгі еді мұртты аға қияқты,
Балалық өтпестей жүрдім мен,
Гүлдегі таңғы шық сияқты,
Мөлт етіп тамарын кім білген?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу