Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  103


Автор: Мұхамбетберді СҮЙІТОВ

ТАҢҒЫ ТҮС

Таң бозында туды бүгін таразы,
Сені көрдім ғаламат бір кескінде.
Жоқ секілді өң мен түстің арасы,
Сене алмастай бұл күйіме ешкім де.
Ғалам сенің сөйлеп бір сәт тіліңде,
Өмір жайлы, сезім жайлы сыр шертті.
Жан дауысым айналғандай күбірге,
Жүрек байғұс байыз таппай бүлк етті.
Жымидың да ай-жүзіңді жасырдың,
Кете бердің содан кейін бұрылмай.
Таңғы түсім ғажабындай ғасырдың,
Қала бердім жандәрмен боп ұғынбай.
Тар бөлмеде тәтті түстен айырылып,
Мең-зең күймен меңіреу хал кештім мен.
Кете бардың бір қарамай, қайырылып,
Зарық болдым бір сөзің де естілмей.
Асыл жарым болмағаның бір бөлек,
Тым құрыса тіл қатпадың наздана.
Тірлігіңнен біле алмай-ақ бір дерек,
Өкінішпен өтті-ау өмір аз ғана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу