Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  480


Автор: Фархад МҰСАЕВ

МАҢҒЫСТАУ

Маңғыстау мынау – құмдауыт аймақ, құмды аймақ.
Шаруасы көшкен ойынан малын қырға айдап.
Ұлдары тентек ер салынбаған асаудай,
Қыздары көркем құлпырған жүзі гүл жайнап.
Маңғыстау мынау – жырменен таңы атқан жер.
Қашаған, Түмен, Сәттіғұлдарым жатқан жер.
Қос сөздей болып тарихта қалған жаңғырып
Есейген орда Абыл мен Ақтан ақтангер.
Маңғыстау мынау – күнде бір думан боп жатқан,
Күнде бір жиын қайнатып қазан, от жаққан.
Отауыз тілді екіленіп келген шешенді
Екіауыз сөзбен Ерменбет, Мәтжан тоқтатқан.
Маңғыстау мынау – бақытсыз келіп бақ тапқан,
Тұқымы асыл Көкмойнақ сынды ат шапқан.
Достасам деген елдерге ерлер төсті ашып
Қастандық еткен залымның қанын қақсатқан.
Маңғыстау мынау – шаттық пен құтқа бөлеген,
Әулием демеп, әмбием желеп жебеген.
Кеңдігі сонша сауғалап келген қашқынға
«Қайдан келдің, не қылып жүрсің?» демеген!
Маңғыстау мынау – кеудесі тұнған ұлылық.
Күніне туған жұлдыз боп жарқып мың үміт.
Таңырқаймын деп, таңданамын деп талайдың
Суырылып көзі, таңдайы түскен жұлынып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу