Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  134


Автор: Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ

ҚАЗАҚСТАН. АСТАНА

Қазақстан – деген елдің
Иелері қазақтар.
Хас арғымақ біз едік қой
Көп жусаумен аз оттар.
Салтанатты сарайларда,
Сауық құрған ләззат балл.
Шындығы жоқ Шыңғыстауда
Арсыз күлкі, мазақ хәл.
Мұңдығы көп Маңғыстауда
Ату...
Асу...
Азаптар...
Арал, Созақ, Дегелеңнен дем жұтып,
Байғоңырдан басталатын тозақтар.
Қарағанды...
Қара бұрым қарындас,
Бауырына басып алған кәзаптар.
Сал Мұхиттың тұншықтырып дауысын
Ладушкаға би билеген казактар
Жетім Торғай, Жесір Семей... Жер түбі
Өскеменді өскен елдер кертіді.
Қарт Тараздың көз жасындай көремін
Мойынқұмға сіңіп кеткен Меркіні
Ей Түркістан...
Күмбезіңнің күйі жоқ...
Есіл, қазақ енді кімге елтіді?
Атам айтқан Ақ пен Қара, Қызылдар.
Біле-білсең бәлшебектен бұзылды Ар.
Келекенің елі екенін көрсетіп,
Кемсітеді Кереку мен Қызылжар...
Ақтөбеде бақ тебе ме, апыр-ау...
Қызығыңды жат көре ме, Атырау,
Топас-тақты түзетемін деп жүрген
Пай-пай біздің Махамбет те батыр-ау.
Қара дама...
Бас уәзірің – бас көзір.
Сүйеу дара
Күйеу бала,
Жас Темір...
Астанадан басталады басқа жыр...
Астанадан басталады басқа өмір!
Қызықтардан құр қалыппын қап небір...
Парадокс:
Қара қазақ...
Ақ негр...
Қара күріш қайнатады ақ көмір...
Бәрін бояп жібереді суретшім,
Эфирлерде
монтаждалған тәтті өмір.
PR-шоулар
Жәрмеңкелер, форумдар.
Парад...Шеру...
Саксафондар, горндар
Ертегіден ерекшесі тек мұнда,
Ұлдыға емес, пұлдыларға орын бар.
Түске дейін
Тони мырза кеңес қыл,
Түстен кейін
Шейхтарды шенестір
Бесін ауа есің ауа бастаса
Анекдот айта салсын министр.
Біз де сізге анекдот айтар ек...
Тақырыбы тақырға өскен бәйтерек.
Самұрық құс ұшып кетіп бір күні
Бәйтерекке жылан шықса қайтер ек
Қам жемеңіз,
Минселхозда бай талап,
Дәл сол жерден жауап тауып айта алад.
Самұрығым қысыр қалды биыл деп,
Жыланды алдап, жұмыртқасыз қайтарад.
Кефир ішіп, айдағаны он саулық
Селхоз жақтан жылан қайтар шаршаулы...
Астаналық арақ құйып алдынан,
Ақ халатпен шыға келер денсаулық.
Шықпай көрсін,
Басталады бір егес...
Ондай бәле дұшпаның да тілемес.
Медицина спиртінен құймад деп,
Министрді соттай салу түк емес.
Жоғарғы Сот...
Заң қуаты... ал, бұда
Аң қуудан басқа тірлік қалды ма?..
Айтақтаса айдап әкеп жабады
Еш аяусыз баланы да, шалды да...
Ауыр жаза кесе салу түк емес,
Шеше салу ғылымды да, арды да...
Анау тұрған
Мәрмәр кеңсе...
Мәртөбе
Мәжіліске кіріп-шығу мәртебе!
Манағы айтқан әр өңірден сайланған
Әр депутат әрқайсысы бір төбе.
Үкіметтің әйнек үйі тар неге?
Шыны керек,
Шынылардан ұялам
Жылап қоя беретіндей зар төге.
Сен жылатпа, шыны қала, тас қала
Сен жылама, жаман ырым бастама!
Білместікпен көп сөз айтты жас бала...
Пәруардигар,
Панаңыздан тастама!
Жырдың аты жылан емес айтпақшы,
Жырдың аты – «Қазақстан-Астана»!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу