Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  168


Автор: Нұргүл МАУЛИНА

Көтере алмаймын-ау сынағанды...

Көтере алмаймын-ау сынағанды,
Ей, өмір, дауылыңа шыдағам-ды.
Алданып елесіңе келем бе әлде?
Сыртың ғана әдемі.
Ұнаған-ды.
Білмедім, таптым қандай пейілімнен,
Бір тамшы бақытыңды сұрағам-ды.
Жұбатқым келіп тұрады жылағанды,
Сүйегім келіп тұрады құлағанды.
Болмаса да басымда анық қайғы,
Неге мендік жүректі жан ұқпайды?!
Таз басқа тақия боп қонған бақыт
Неге маған ертерек жолықпайды?!
Неге бәрі алдамшы, уақытша,
Шын бейнесін қалайша танытпайды?!
Неге маған кездескен бақыт құсы
Аспанында басқаның қалықтайды?
Сертке жанып семсерін сөйлеген жан
Ертең берер жауаптан қорықпайды.
Мен көзсіз көбелектей отқа түсем,
Көз жетсе де, көңілім торықпайды.
Сұмдық. Сұмдық!
Басыма сияр емес,
Ақылын жоғалтқан ес жияр емес.
«Өзімдікі» деп қалған көңіл шіркін
Өз иесін ешкімге қияр емес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу